Әдіскер

Жорабек Нәзира Рахымқызы
Түркістан облысы, Ордабасы  ауданы, Төрткүл ауылы,
«Самал» бөбекжай балабақшасы» МКҚК-ның І – ші  санатты  әдіскері

Жоспар

І. Кіріспе

Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологиялардың дамуы.

ІІ. Негізгі бөлім

  1. Инновациялық технология ұғымы
  2. Инновациялық технологияны пайдалану
  3. Инновациялық технология түрлері, және оларды қолдану.

ІІІ. Қорытынды бөлім

«Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісінде инновациялық технологияларды қолдану»

    Мектепке дейінгі ұйымдардың білім беру үдерісіне инновациялық технологияларды енгізу жүйесінің мақсаты — білім беру үдерісін заманауи тиімділігі жоғары технологиялармен және балалардың негізгі құзыреттіліктерін қалыптастырып, шығармашылық қабілеттерін дамытатын әдістемелермен қамтамасыз ету.

     Міндеттері:

  • білім берудің әдіс -тәсілдерін түрлендіріп, жаңа инновациялық білім технологиясын меңгерту;
  • жаңа технологиямен жұмыстану барасында балалардың жас ерекшелігін, мүмкіндіктерін ескере отырып, қабылдау мүмкіндіктеріне сай пайдалану;
  • жаңа технологиялардың  тиімді жолдарын таңдау, жүйелі пайдалану;
  • білім беруде мақсатқа жету іс- әрекеттері арқылы баланың жан – жақты дамуына және жаңалықты тез қабылдауына әсер ету.

Күтілетін нәтиже: педагогтердің кәсіби құзіреттілігі , технологияларды қолдана білу сауаттылығы  жоғарылайды. Инновациялық  технологияларды сауатты қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты тәрбие мен білім  алуына, белсенді шығармашыл болуына жағдай жасалады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда инновациялық технологиялардың дамуы.

       Қоғамның дамуына қарай ғылым мен техникада оның басқару жүйесі де өзгеріп отыратыны белгілі, осыған орай маман қызметінің мазмұны жаңарып, жаңа мақсат, жаңа көзқарас, жаңа шешімдер мен жаңа мүмкіншіліктер қажеттігі туындайды.

       Мұндай бетбұрыстар адамның іс-әрекетін өзгертіп қана қоймай оның жеке тұлға ретінде жаңаша қалыптасуын талап етеді. Осымен байланысты тәрбиешілердің игерген білім, біліктілігін, өз бетімен әрекет жасау мүмкіндігін, өз пәніне қызғушылығын, ғылыми көзқарасын, кәсіби мәдениетін, кәсіби құзыреттілігін шыңдай түсуге ықпал ету керек.

         Педагогикалық теория негіздерінің қалыптасуында Ежелгі Грецияның аса көрнекті философтары Платон мен Аристотель көзқарастарының ерекше маңызы болды. Платон балаларды ерте бастан тәрбиелеудің мемлекеттік жүйесі туралы идеяны ұсынды. Платон ойынды тәрбие берудің маңызды құралы деп қарады, балаларды тәрбиелеумен шұғылданатын адамдарға қойылатын негізгі талаптарды айқындап берді.

         Аристотель мектепке дейінгі кезеңді жеке адамның қалыптасуындағы ерекше және маңызды деп бөліп қарады. Бұл кезеңде оның пікірі бойынша, алуан түрлі ойындармен қатар ақыл ойды дамытатын әңгімелер пайдалануға тиіс, ал балаларды бес жасынан бастап мақсатты түрде мектепке даярлау керек – деп тұжырым жасаған болатын.

        ХІХ ғасырдың екінші жартысында – ХХ ғасырдың басында Европада неміс педагогы Ф. Фребельдің мектепке дейінгі тәрбие теориясы кең таралды. Ол «балалар бақшасы» деген терминді енгізді, бұл дүние жүзінде жаппай қабылданды. Сондай-ақ, тәрбиеші әйелді Фребель «баулушы» деп атағандығынан оның балаларға деген сүйіспеншілігі, педагогтарды баланың есеюіне және дамуына көмектесуге шақырғаны, мақсатты педагогикалық ықпалдың маңызына жоғары баға бергені айқын көрінеді. Ол балалардың жасына сәйкес бірқатар қарапайым білім мазмұнымен таныстыру қажеттілігін атап көрсеткен. Оның идеялары: мектепке дейінгі тәрбиені насихаттау және балабақшаларын кең тарату, мектепке дейінгі мекемелер жұмысының теориясын бірінші болып жасап, мектепке дейінгі педагогикалық ғылымдардың дербес саласы болып бөлінуіне себепкер болды.

      Қазіргі кезде жас ұрпаққа жаңаша білім беру жолында түбегейлі өзгерістер жүріп жатыр. Дарынды, шығармашылық тұлға қалыптастыру – білім мен тәрбие берудегі мемлекеттік істің ең маңыздысы. Адамзат баласының өз ұрпағын мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудегі ең озық тиімді ізденістерін, тәжірибелерін жалғастырып, тың жолдар іздеу педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамыту жалғаса бермек. Білім, тәрбие жұмысына жаңа әдістемелік амал-тәсілдерді, құрал-жабдықтарды, жаңа тұжырымдамаларды жасап, оларды қолдану инновация деп аталады.

Инновациялық технология ұғымы

    Инновация – жаңалыққа талпыну, бұл сән немесе еліктеушілік емес, қатал шындық, өмір қажеттігі. Мемлекетік тілді жан-жақты меңгертуде ақпараттық технологиялардың мүмкіндігін тиімді қолдана білу, сабақ жүргізудің жаңа оқыту әдістерін әзірлеу –  қазіргі кезеңде ең өзекті мәселелердің бірі. Үйретілетін тілдік үйретудің әдіс-тәсілдерінің де жетілдіріп жатқаны да белгілі.

   Қазір педагогика ғылымында «оқытудың жаңа технологиясы», «оқытудың инновациялық технологиясы» деген ұғымдар кеңінен қолдануда.

 Алдымен «технология» ұғымына тоқталайық. Бұл жерде ол «инновациялық педагогикалық технология» мәніне ие болып тұр. Оның мағынасын түсінуіміз үшін әлемдік педагогикалық тәжірибеде «технология» ұғымына көз  жүгірткеніміз жөн. Ол «техника» сөзінен шыққан, оның екі мағынасы бар.

  1. Өндірістік құралдарының жиынтығы
  2. Бір істі орындағанда қолданылатын тәсілдер жиынтығы.

    Технология — грек сөзі, түсіндірмелі сөздікте бұл – қандай да болсын жаңа істегі шеберлік, өнерпаздық, іскерлік деген ұғымды білдіреді.

  Білім беру саласындағы «технология» үғымы өндірістік үдерістердегі технология ұғымының басты қасиеттерін осы саланы жетілдіру үшін пайдалану ұмтылысынан туындағаны анық. Өндірістік үдерістердегі технология деп қолданғанда алдын-ала көздеген нәтижеге жеткізетін, белгілі бір сапалық және сандық деңгейлердегі өнім алуға кепілдік беретін, ғылыми негізделген алгоритмдер, әдістер мен құралдардың жүйесін айтады.

    Кез-келген технологияның маңызы оның құрылымымен анықталады. Технология белгілі бір мақсатты жүзеге асырады. Ол үшін құралдар пайдаланылады, әдістеме жоғары деңгейге дейін жетіледі де, күтілетін нәтижеге қол жеткізіледі.

     Педагогикалық технология – оқыту мен тәрбие құралдарының арнайы формаларының, әдіс-тәсілдерінің, жолдарының жиынтығын анықтайтын психологиялық-педагогикалық нұсқаулар жиынтығы (Б.Т.Лихачев).

     Алдын ала жобаланған оқу-тәрбие үдерісінің тәжірибеде жүйелі әрі бірізді жүзеге асуы (В.П.Беспалько).

  Баланың шығармашылық қабілетін дамыту мәселесі жаңашыл педагогтар (Ш.А. Амонашвили, И.П. Волков) еңбектерінде арнайы сөз етіледі.

     «Инновация» термині педагогикада қазіргі таңда кеңінен қолданылуда. Югославияның педагог-ғалымы К.Ангеловский педагогикалык инновация мәселесін терең түрде зерттеген. Ол инновация терминінің экономика немесе техника ғылымдарынан педагогика саласына келген дейді де, «кейбір педагогтер инновация терминінің орнына реформа, жаңаландыру, жетілдіру, оптимизация, оқыту модернизациясы ұғымдарын пайдаланады» — деп көрсетеді.

   Инновация дегеніміз – мазмұнды жаңашалау, ал жаңалық енгізу дегеніміз — инновациялық мазмұнды дамыту, жаңаны ұйымдастыру, ал «жаңаша» дегеніміз жаңа мазмұн, оны енгізудің әдіс-тәсілдерін, технологиясын қамтитын құбылыс деп түсінеміз.

Г.В.Селевко «инновациялық педагогикалық технологияны» үш жақты сипатын былай белгілейді:

  • ғылымилық: педагогикалық технология – оқытудың мақсатын, мазмұнын және әдіс-тәсілдерін жасайтын, педагогикалық үдерісті жобалайтын, оларды зерттейтін педагогика ғылымының саласы;
  • үдерісті-сипаттаушы: үдерісті сипаттау (алгоритмі), оқытудың жоспарланған нәтижесіне жетуде қолданылатын мақсат, мазмұн, әдіс-құралдар жиынтығы;
  • үдерісті-іс-әрекеттік: технологиялық (педагогикалық) үдерісті жүзеге асыру, барлық тұлғалық, құралдық және әдіснамалық педагогикалық құралдардың жұмысы.

Инновациялық технологияны пайдалану

Қазіргі мектепке дейінгі білім беру саласында инновациялық технологияларды меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болуы мүмкін емес. Инновациялық технологияны меңгеру тәрбиешінің интелектуалды, кәсіптік-адамгершілік, рухани-азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқыту-тәрбиелеу үлгісін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі.

Инновациялық технологияларды талдау барысында мына факторлар ескерілуі керек:

  • алынып отырған технология оқытудың тақырыбы мен мазмұнына сай болуы;
  • тиімділігі, жүйелілігі және басқа жақтары.

Инновациялық технологияны пайдалану төмендегідей кезеңдер арқылы іске асырылады.

1-кезең – оқып үйрену

2-кезең – меңгеру

3-кезең – өмірге енгізу, тәжірибеде қолдану

4-кезең – дамыту, нәтижесін тексеру

Инновациялық технологияларды пайдалану негізінде мектепке дейінгі білім беру тұжырымдамасының алгоритмі төмендегідей түрде ұсынылады:

  • білім беру жүйесінің түпкі мақсаттарын баяндау;
  • аралық мақсаттардың болжамдық көрсеткіштерін баяндау;
  • оқыту мазмұнына сүйену;
  • көзделген мақсатқа жеткізетін және оқыту сапасын объективті тексеру әдістемесімен қамтамасыз ететін стандартты оқыту технологиясын ұсыну;
  • оқытудың ұйымдастырушылық формалары мен шарттарын баяндау.

Енді инновациялық технологиялардың мектепке дейінгі ұйымдарда пайдаланылатын кейбіреуіне тереңірек тоқталайық. А.С.Макаренко айтқандай, «Бала өмірінде ойынның маңызы зор, ересек адам үшін еңбектің, жұмыстың, қызметтің, қандай маңызы болса, өскен соң жұмыста да көбінесі сондай болады. Сондықтан болашақ қайраткерді тәрбиелеу алдымен ойыннан басталады»

Оқу үдерісінде ойын оқытудың әрі формасы, әрі әдісі де болып табылады, сол себепті ойын әрекеті тәрбиеші мен баланың іс-әрекетінің бірлескен,  технологиясының  дидактикалық категориясы ретінде де қарастырылады. Педагогтер ойын үстінде бала санасын дамыту, тәрбиелеу, оқыту қатар жүргізіледі, оны бала белсенділікпен және асқан ыждағаттылықпен қабылдайтындықтан ойындарды оқу үдерісінде міндетті түрде енгізу жайлы айтады.

Қазіргі заманғы қазақстандық білім беру үлгісіне көшуде және әлемдік білім кеңістігіне енуде кәсіби білікті, құзыретті тәрбиеші –  педагог қана өз жұмысын жаңадан құрып, жоғарғы нәтижелерге жете алады.

Инновациялық технология түрлері, және оларды қолдану.

Денсаулық сақтау технологиясы. 

Денсаулықты сақтау технологиясы – бұл бала мен педагог, бала мен ата-ана, бала мен дәрігер қарым-қатынасының үрдісі кезінде жүзеге асырылатын тәрбиелеу-шынықтырудың, коррекциялық, профилактикалық әрекеттердің тұтас жүйесі.

Денсаулықты сақтау технологиясының мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаға денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету, салауатты өмір салты бойынша керекті білімділік, біліктіліктерді қалыптастыру, алған білімдерін күнделікті өмірде қолдануға үйрету.

ӨТШТ (ТРИЗ) технологиясы

ӨТШТ технологиясының авторы Генрих Саулович Альшуллер – өнертапқыш, жазушы-фантаст. Берілген технологияның бағыттары: шығармашылық әрекетке үйрету, шығармашылық қиялдың әдіс-айлаларымен таныстыру, өнертапқыштық есептерді шығаруға үйрету.

Мәселелік оқыту мотивацияның ерекше түрі – мәселе қоюды қалыптастырумен негізделген. Сондықтан дидактикалық материалдың мазмұнын дұрыс құрастыруды талап етеді.

Ойын технологиялары

Заманауи мектепке дейінгі білім беру жүйесінде ойын іс-әрекеті тұтас коммуникативті-ойын ортасында кіріктірілген білімдері негізінде жинақталатын ұғымдарды меңгеру үшін дербес технология ретінде қолданылады. Ойын әдісі басқа әдістерден айрықша ерекшеленеді, ол балаға зерттелетін құбылыстың қызметіне қатысуына, біршама уақыт «нақты» өмірлік жағдайларда өмір сүру мүмкіндігін береді.

Ойын әдісінің ерекшелігін айтарлықтай деңгейде ойын ортасы анықтайды. Балалармен жұмыс барысында ойындар: бөлме, көше, компьютер, заттармен және заттарсыз, үстел үстіндегі баспа, басқару тетігі бар ойындар және т.б. қолданылады.

  «Тәй-тәй» технологиясы

«Тәй-тәй» технологиясы дұрыс тамақтану денсаулығының нығаюына, танымдық, қоғамдық және эмоционалдық құзыреттіліктердің қалыптасуына    бағытталған. Ол баланың бірегей мүмкіндіктерін ашып, жанұяның балабақша қызметіне араласуына мүмкіндік береді, мәдени құндылықтарды көрсетуге және дамытуға бағытталады. Мемлекетті демократияландыру бағытында берілген технология тиімді технологиялардың бірі болып табылады.

Ақпараттық технологиялар

Ақпараттық технологияларға барлық арнайы техникалық ақпараттық құралдарын қолданатын технологиялар жатады.

Ақпараттық-коммуникативті технологиялар (АКТ) жаңа білім беру тәсілдерін анықтайды. Олар баланың дамуы мен оқытудың сапалы жаңа мазмұнына сәйкес келеді.

Ақпараттық технологиялардың көмегімен ақпараттармен жұмыс істеу іскерліктері қалыптасады, коммуникативті қабілеттері дамиды, «ақпараттық қоғамды» табуда тұлғаны дайындау жүзеге асырылып, зерттеу-шілік іскерліктері мен тиімді шешімдерді қабылдау қабілеттері қалыптастырылады.

Технологияның негізгі мақсаттары:

  • Мектепке дейінгі 5 жастағы баланы санауға,оқуға үйрету.
  • Балаларға оқыту мен санаудың қатар жүргізілуі арқылы дұрыс сөйлеу мәдениетін қалыптастыру.
  • Фонемалық принципты қолданбау,бүктеу арқылы оқыту
  • Балаларды өлең айту арқылы оқыту.
  • Балаларды оқу арқылы жазуға үйрету
  • Балалардың барлық есте сақтау түрлерін қолдану- дыбыстық, моторлық, кинестикалық, түстік
  • Көрнекіліктерді кеңінен пайдалану, баланың білімді барлық сезім мүшелерімен қабылдауы.

Монтессори технологиясы

М. Монтессори әдісі балаларға жауапкершілікті сезінуге, өздігінен шешім қабылдауына, топта да, жеке де жұмыс жасай алуына, таңдау жасай алуына, өз уақытын ұйымдастыра білуіне, өзіне сеніммен қарауына мүмкіндіктер береді, қолайлы жағдай туғызады.

Бұл әдістің мақсаты — балалардың табиғи мінезін, қабілетін, тәрбиешінің нұсқауымен емес, өз еркімен тәуелсіздік рухында тәрбиелеу». Өзімнің жасауыма мүмкіндік бер»дейді мұндағы бала.

Тұлғалық-бағдарлы оқыту технологиялары.

Бұл технологиялар білім беру жүйесінің ортасына бала тұлғасын қояды, даму жағдайына жайлы, жанжалсыз және қауіпсіз жағдайлармен қамтамасыз етіп, табиғи шығармашыл әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін, тұлғалық қарым-қатынасына басымдығына ерекше көңіл аударып, іс-әрекет субъектісі ретінде баланың жан-жақты, еркін және шығармашылықпен дамуын мақсат етіп қояды.

Жобалық оқыту технологиясы.

Проблемалық -жобалық технологияның мәні белгілі бір мәселелерді шешу және жолдарын іздестіруге балалардың қызығушылықтарын ынталандырудан құрылады. Ол балалардың танымдық материалда проблеманы анықтап, педагогпен бірге белгілі бір жобаны әзірлеп, оның шешу жолдарын бірігіп  табуды баяндауын болжайды.

Берілген технологияны қолдану дербестікке үйретеді, шығармашыл бастамашылығын дамытады. Қоршаған ортамен таныстыруда, ойындар мен еңбек іс-әрекеттерін ұйымдастырғанда, қарапайым математикалық түсініктері мен әңгімелесу дағдыларын қалыптастыруда тиімді.

Қорытынды

    Балалардың тақырыпты меңгерулерін жақсарту үшін инновациялық технология мнемокестені пайдалана отырып, балаларды оқытудағы көрнекілік, ойындық, сөздік, тәжірибелік әдістердің барлығы қолданылды; сұрақ-жауап, көрсету, түсіндіру әдіс-тәсілдері арқылы көздеген мақсатымызға жеттік. Инновациялар бала тұлғасына, оның қабілеттіліктерін дамытуға бағдарланған педагогикалық практикада қолданылатын жаңа әдістерді, нысандарды, құралдарды, технологияларды анықтайды.

       Қазақстанның заманауи даму сатысында білім беру үдерістерінде өзгерістер орын алуда: мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі педагогтардың назарын балалардың шығармашылық және интеллектуалдық дамуына, эмоцияналды еріктік және қозғалыс аясын түзеуге бұра отырып, білім беру мазмұны күрделене түсуде; дәстүрлі әдістердің орнын баланың танымдық дамуын белсендіруге бағытталған тәрбие мен оқытудың белсенді әдістері басуда. Мектепке дейінгі балаларды оқытуда мнемокестелерді қолдану өте тиімді. Оқыту барысында балалардың тақырыптарды меңгерудегі құзыреттіліктерінің меңгерілу деңгейінің көрсеткіштерінің жоғарылауы байқалады.

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» тақырыбындағы 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауы.
  2. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы, 2014ж.
  3. «Мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің біліктілігін арттыру: балаларды ерте жастан дамытуды ұйымдастырудағы отандық және халықаралық тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның материалдары, Алматы, 2014 ж.;
  4. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстарына заманауи білім беру бағдарламалары мен технологияларын енгізу: әдістемелік нұсқаулық. Астана, 2013 ж.
  5. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінде педагогикалық технологияларды қолдану маңыздылығы. К.Ж.Бұзаубақова. Жаңа педагогикалық технология. Оқулық. Тараз. ТарМУ.2003.
  6. Международная конференция «Проблемы непрерывного техниче­ского и профессионального образования в начале XXI века»: Сб. на­учных докладов и тезисов / Под ред. Т.Ю. Ламакиной. — М.: ИТОП РАО, МЦОС, 2003.